Ержан ӘБДІРАМАН. Қазақ хандығының нағыз тарихы қандай? Қазақ хандығының тарихымен алғаш Ілияс Есенберлиннің «Алмас қылыш» романы арқылы таныстым. Университетте тарих пәнін «Ұлы дала тарихы», «Қазақстан тарихынан очерктер» деген сияқты екі-үш оқулықтан оқыдық. «Көшпенділерді» білетін адамға бұл оқулықтардың беретін жаңалығы жоқ сияқты көрінетін. Шейбанид Әбілқайыр хан. Оған Жошының басқа баласынан тарайтын Керей және Жәнібек сұлтандар қарсы шығады. Бөлініп Моғолстанға келеді. Қазақ хандығы осылайша құрылады. Сөйтіп, оның Әбілқайыр ұрпақтарымен соғысы басталады. Бәрі осылай дейді. Ал Ақ Орда, Көк Орда деген не? Орыс хан, Барақ хан деген кімдер? Қасым хан өлген соң Хақназар таққа отырған уақытқа дейін қандай оқиғалар болды? Тақ үшін таласта Жәнібектің ұрпақтарынан кім кіммен соғысты? Мамаш, Бұйдаш, Тоғым атты қазақ хандары не бітірді? Бұл сұрақтардың нақты жауабын қазақ тарихы туралы кітаптардан табу қиын болатын. Белгісіз кезеңдерден аттап кететін ол оқулықтар. Жақында бір кітап дүкенінен Радик Темірғалиев атты автордың «Ақ Орда» деген кітабын сатып алдым. Оқып шықтым, кітап күшті әсер етті. Өзім білмеген біраз жайтқа қанықтым. Тарихи романдар жазған жазушылармен қатар елімізде нағыз тарихшылар да бар екен. Темірғалиев 2009 жылы «Қазақ хандығының нағыз тарихы» деген еңбек шығарыпты. «Ақ Орда» соның толыққан варианты екен. Сонымен бұл кітап несімен ұнады, не білдім? Ең әуелі айтатын нәрсе, автор тарихымыздың ақтаңдақ тұстарына қатысты өзінің версияларын ұсынады, неге олай ойлайтынын сенімді дәлелдейді, біз «нақ солай болды» деп қарап, талас тудырмайтындай көретін оқиғаларды сын көзбен өзінше саралайды, аргумент әлсіз болса, теріске шығарады, орнына тағы да өзінің күшті версияларын ұсынады. Кітап мынандай бөлімдерден тұрады: Қыпшақтар, Моңғолдар, Ұлы Ұлыс, Негізін қалаушы (Қазақ хандығының – Е.Ә.), Тоқтамыс, Едіге, Барақ, Әбілқайыр, Шейбаниада, Қасым ханның қасқа жолы, Кландардың пайда болуы, Хақназар, Тәуекел, Бәрі бастапқыдай, Атаман-хандар, Соңғы талпыныс, Жанталас. Қазақ хандығының, соған орай қазақ елінің тарихын нақты датадан бастау – тарихи сананы қалыптастыру үшін маңызды. Бірақ тарихшы ғалымдар «Қазақ хандығына 550 жыл болды» деп кесіп айтуға келісе қоймайды. Өйткені, қазақ хандығының Қыпшақ даласында бұрын болған басқа оқиғалардан, халықтардан, мемлекеттермен біте қайнасқан тығыз байланысы оның құрылу тарихын 1465 жылдан бастаудың қиындық туғызатынын көрсетеді. Екіншіден, Радик Темірғалиев Қазақ хандығының тарихын бір ғасыр арыға шегіндіреді және оның негізін қалаушы Жәнібек пен Керей сұлтандар екеніне күмән келтіреді. Еңбектің «Ақ Орда» аталу себебі де осында. Бұл туралы кейінірек. Әуелі кітаптағы негізгі ойлар, негізгі халықтар мен тұлғалар және басты оқиғалар туралы қысқаша. Қыпшақтар. Ештеңе жоқтан болмайды, Қазақ хандығы мен қазақ елі де аспаннан түскен жоқ, оның тарихы қыпшақ этносымен тығыз байланысты дейді Радик Темірғалиев. Қыпшақтың "половецтер, кумандар" деген де аттары бар. Бірақ бұл халық өздерін не деп атағаны белгісіз. Алтайдан Дунайға дейінгі жерді ұстағанымен, қыпшақтарда біртұтас мемлекет болмаған. «Қыпшақ хандығы» деген мемлекет жоқ, қыпшақтың әр тайпасының өз ханы болған. Орыстармен көп соғысқан қыпшақтардың қазақтармен байланысын білдірмеу үшін кеңес заманында «қазақ этносының құрылуында шығыс қыпшақтары маңызды роль атқарды» деген көзқарас айтылды. Бірақ шығыс қыпшақ, батыс қыпшақ деген екі халық жоқ, Сырдарияны қыстап, жазда Еділ, Дон, тіпті Дунайға дейін барып жайлаған, яғни батыстан шығысқа және керісінше көшіп жүрген бір халық болған. Моңғолдар. Қыпшақтар басқарған Хорезм мемлекеті мен Шыңғыс ханның соғысы 1218 жылы Хорезмге қарасты Отырардың әкімі Қайыр ханның 500 түйеден тұратын моңғол керуенін тонауынан басталды. Себеп, көп тарихшылар айтып жүргендей, моңғол көпестерінің тыңшылықпен айналысуы емес. Көпестер бұл іспен қашанда, қай жерде де айналысқан. Себеп – экономикада. Хорезмде көпестердің ықпалы күшті еді. Ал Моңғол мемлекеті пайда болғаннан кейін бұл аймақтың рыногындағы жағдай өзгерді. Қытайдағы халықтармен он жылдық соғыстағы жеңістен кейін моңғолдың бәрі байып шыға келді. Хорезмдіктер қуып жіберген Мауреннахр және Түркістан көпестері енді Моңғолияға барды. Шыңғыс хан өз еліндегі сауданы солардың қолына берді. Бұлардың Хорезмге әкелетін тауарының бағасы арзан болды. Өйткені, ол моңғол әскері Қытайдан олжалап әкеп, көпестерге су тегінге сататын тауар еді. Сөйтіп, Хорезм көпестерінің табысы азая бастады. Яғни, моңғол керуенін құртуға көндірген хорезм көпестері болды. Ал Шыңғыс ханның дәл сол уақытта бұл елмен соғыспақ ойы жоқ еді. Бұл оның Хорезмшахқа жазған хатынан да көрінеді. 1242 жылы Бату хан Дәшті Қыпшақты түгел бағындырды. Ұлы Ұлыс. 1224 жылы Шыңғыс хан империяны төрт баласына бөліп бергенде қазіргі Қазақстанның басым бөлігін Жошы иеленіп, тек оңтүстік-шығысы Шағатайға қарап еді ғой. Жошының мемлекеті «Ұлы Ұлыс» (орыс әдебиетінде «Алтын Орда») атанды. Жошы өлген соң, оның үлкен ұлы Орда-Ежен орталық билікті інісі Батуға беріп, өзі басқаруға мемлекеттің шығыс бөлігін алды. Ақ Орда осылай пайда болды. Оған қазіргі Қазақстан территориясының басым бөлігі қарады. Шартты түрде Алтын Орданың құрамында болғанымен, Ақ Орда әу бастан-ақ мемлекет ішіндегі мемлекет болды: хандарын өз құрылтайы сайлады, ішкі шаруаларға Алтын Орда хандары араласа алмады. Ақ Орданың өзі шағын ұлыстарға бөлінді. Оны Орда-Еженнің інілері басқарды. Мысалы, кейін балалары қазақ хандарымен соғысатын Шибанның ұлысы Қазақстанның батысында болды. Осы кезде Алтын Ордада Қаракесек, Таз, Йаглыбай деген атақты моңғолдар шықты. Шамамен 1252 жылдары Орда-Ежен өліп, орнына баласы Кунг-Кыран Ақ Орданың ханы болды. Көп уақыт өтпей Алтын Ордада тақты Берке иеленді. Ол Азияның оңтүстік-батысын басып алған Құлағумен соғысқа килігіп, ол шайқастарда Жошының жетінші ұлы Бувалдың немересі Ноғай талантты қолбасшы ретінде таныла бастады. Беркеден кейінгі хан Мөңке-Темірдің кезінде Моңғол империясы бөлшектеніп, Алтын Орда тәуелсіздік алды. Мөңке-Темір өлген соң Алтын Орданың «премьер-министрі» Ноғай таққа өзінің адамдарын отырғыза бастады. Мұның аяғы азамат соғысына ұласты. Ақыры Ноғай жеңілді. Жеңген хан Тоқта өз ажалымен өлгенде таққа баласы Елбасмыш отыруы керек еді. Әкесіне көңіл айта келген Өзбек (Мөңке-Темірдің бір немересі) әлгі Елбасмышты хан ордасында өлтіріп, тақты иеленді. Қалайша бұлай болды? Өзбек хан мұсылман еді. Бұл кезде Дәшті Қыпшақта моңғолдар қыпшақтарға сіңіп кеткен-ді. Мемлекеттегі негізгі этнос қыпшақтарды сарттар жек көрді. Бірақ салық төлеп отырған отырықшы халықтың талап-тілегімен санаспай тағы болмайды. Бұған дейін хандар дін ісіне араласпай келсе, енді Өзбек хан мемлекетте исламизацияны бастады. Және чингизидтердің билігін әлсіретіп, қыпшақтарға әлі сіңе қоймаған ру қияттан шыққан моңғолдарды аса жоғары лауазымдарға тағайындады. Ақ Орда хандарын да қият әмірге бағынышты етіп қойды. Тарихшылар осы кезде Дәшті Қыпшақтың көшпенді жұрты «өзбек» атала бастады дейді. Бірақ қыпшақ этносы ешқайда жоғалған жоқ. Халық сол халық, тек оның жылнама беттеріндегі атауы ғана өзгерді. Өзбек ханның тұсында Ақ Орда жеке мемлекет болуға талпыныс жасап көрді. Мүбәрак атты хан Ақ Орданың тәуелсіздігін жариялап, өз ақшасын шығарды. Жазалауға орталықтан Өзбектің ұлы Тыныбек бастаған әскер шықты. Мүбәрак жеңіліп, Алтайға қашты. Өзбек Ақ Орда ханы етіп Тыныбекті тағайындады. Өзбек хан өлгенде заңды мұрагер Тыныбектің Ақ Орда астанасы Сығанақта отырғанын пайдаланып, Өзбектің тағы бір баласы Жәнібек билікті басып алды. Тыныбекті және інісі Қыдырбекті өлтірді. Ақ Ордаға Шымтайды хан тағайындады. Сөйтіп, Орда-Еженнің ұрпағы өз ұлысында қайта билікке келді. Бірақ тақ үшін туған бауырды өлтіру бүкіл Бату әулетін апатқа ұшыратты. Бердібек әкесі Жәнібекті ғана емес, жақын туысының ішіндегі еркек кіндіктіні түгел жойды. Соңында өзі де қастандықтан өлгенде Бату әулетінен ел басқаратын ешкім қалмады. Алтын Ордада жаппай бүліншілік басталды: таққа талас жүріп жатқанда Хорезм, одан соң Бұлғария бөлінді. 1962 жылы Литва шабуыл жасап, біраз жерін тартып алды. Сол жылы түменбасы Мамай өз алдына ұлыс құрып алды. Алтын Орда осылайша ыдырады. Шымтай ханның ұлы Орыс «ендігі заман біздікі» деп әкесін орталық билікті алуға, сөйтіп Жошы ұлысын қалпына келтіруге үгіттеді. Бірақ Мүбәрактың кебін киюден қорыққан Шымтай хан көнбеді. Орыс хан. 1368 жылы Шымтай хан қайтыс болып, таққа Орыс отырды. Ол амбициясы күшті, мазасыз, қатал және жігерлі адам болатын. Өзбек ұлыстардағы билікті хан мен әмірге бөліп беріп еді ғой. Орыс хан әуелі орталықтың өкілі әмір Чиркатлуды өлтірді. Өз ақшасын шығарды. Яғни, Ақ Орданың тәуелсіздігін жариялады. Бұл 1368 жыл еді. Осы кезден қыпшақтар өзін «алаш» деп атай бастады. Көптеген зерттеушілер (Левшин, Сәбитов, Уәлиханов, Нұров) сияқты, Темірғалиев те қазақ фольклорындағы Алаша хан мен Орыс хан – бір адам деген пікірде. Жошының кіші балаларынан тарайтын оғландар державаның ыдырғанын пайдаланып, жеке ұлыс құрғысы келді. Бірақ Орыс хан қиқаңдаған ақсүйектерді қырып салды (Қанат Нұров «алаш» деген сөздің моңғол тілінде «қаныпезер», «жаналғыш» деген мағына беретінін айтады). Репрессияға ұшырағандардың бірі Тоқтамыстың әкесі Түй-қожа (Жошының он үшінші ұлы Тоқай-Темір ұрпағы) еді. Ұлыстың ішіне тәртіп орнатып болған соң Орыс хан батысқа жорық жасады. 1472 жылы ол Сарайшықты, сосын Сарай-Беркені алды. Енді Мамайды орнына қою қалып еді. Бірақ осы уақытта оңтүстікте Ақсақ Темір деген кісі пайда болды. Орыс хан Батудың империясын қалпына келтірем десе, Темірдің мақсаты Мауреннахр және Моғолстан болып бөлініп кеткен Шағатай ұлысын қайта біріктіру ғана емес еді. Ол Шыңғыс сияқты ұлы жаугерші болғысы келді. Тоқтамыс қашып Темірге барды да, оның көмегімен Ақ Ордаға шабуыл жасады. 1376-77 жылдары болған бірнеше шайқаста Орыстың ұлдары Құтлық-Бұқа, Тоқтақия және Темір-Мәлік Тоқтамысты күл-талқан етіп жеңді. 1377 жылы Орыс хан өлді. Тақты иеленген мықты қолбасшы Темір-Мәлік ішкілікке салынып, беделінен айырылды. Оның айналасындағы ақсүйектер енді Тоқтамысқа қашып бара бастады. Ақ Ордадағы ахуалдан хабардар Тоқтамыс тағы бір рет бағын сынап көрді. Бұл жолы жорық жеңіспен аяқталды. Дәшті Қыпшақ тайпалары соғыссыз берілді. Тоқтамыс. Жаңа хан аз уақытта Алтын Орданы қалпына келтірді. Ақ орда ханы деген титулды да өзіне алып қалды. Ұзамай Тоқтамыс пен Ақсақ Темірдің арасында соғыс басталды. Орыс ханның балаларына адал қызмет еткен маңғыт әмірі Балтыршақтың ұлы Едіге Ақсақ Темір жағында болды. Едіге. Темірдің қолдауымен Едіге Ақ Орда билігін басып алды да Жошы ұлысында Тоқтамыс пен Едігенің соғысы басталды. 1405 жылы Темір, келесі жылы Тоқтамыс өлді. Едігенің өзі қалған өмірін шайқаспен өткізді. Оның ендігі жауы ұлыстағы сепаратизм және өз қолымен қойған хандар болды. Радик Темірғалиев қазақ тарихындағы Едігенің атқарған ролі лайықты бағаланбай келе жатқанын айтады. Бұған себеп, Едіге – Ноғай Ордасының негізін қалаушы, яғни ол бізден гөрі ноғайға жақын деген ұғым. Темірғалиев мұның түбірімен жаңсақ екенін дәлелдейді. Біріншіден, Едіге жеке мемлекет құруды ойлаған жоқ, ол Ақ-Орданың билеушісі болды. Екіншіден, ол кезде қыпшақтар қазақ және ноғай болып бөлінбеген болатын. Рас, Едіге Жошы ұлысын қалпына келтіру үшін күресті, бірақ оның негізгі тірегі Ақ Орда болды. Қарадан шығып, мемлекет билеген ірі тұлғалардың ішінде Темір немесе Мамай емес, Едігені халық аңыз етті. Викингтердің ерлігін скальдтар, рыцарьларды трубадурлар әнге қосса, қыпшақ батырларына жыраулар жыр шығарды. Едіге де Қобыланды, Ер Тарғын, Ер Қосайлар сияқты қыпшақ эпосының батыры, яғни нағыз рыцарь еді дейді Темірғалиев. Жалғасы бар.

Теги:

Теги других блогов: