Қазақ хандығының құрылуына жаңа көзқарас
Қазақ хандығының құрылуы – ортағасырлық Қазақстан тарихындағы ұлттық сипаттағы мемлекет пен этносты тарих төріне шығарған аса маңызды оқиғалардың бірі. Соған қарамастан мәселемен айналысқан зерттеушілер хандықтың құрылуын өте тар көлемде қарастырып, оны бір оқиғамен және бір уақытпен шектеп көрсетеді. Ал бұл мәселемен терең айналысқан Т.И. Сұлтанов осыған байланысты мынадай тұжырым айтқан болатын: «... Қазақ хандығының құрылуы бір оқиғамен жүзеге асқан жоқ, ол сипаты жағынан күрделі, уақыты жағынан ұзаққа созылған көп астарлы процесс болды, атап айтсақ, саяси процестер этникалық процестермен қатар дамып, бір-бірімен астасып жатты» 1, 238 б..
Біз өз кезегінде зерттеушінің пікірін қостай отыра, Қазақ хандығының құрылу барысы 10 жылдан астам уақытқа созылып, бірнеше кезеңнен тұрған деп санаймыз. Бөлініп кету – хандықтың құрылуындағы алғашқы және маңызды қадам болса, Әбілқайыр хан қайтыс болғаннан кейін көп ұзамай Шығыс Дешті Қыпшақ аумағында Қазақ хандығының билігінің толық және түпкілікті орнауы - хандықтың құрылуының аяқталғанын көрсетеді.
Бірінші кезеңге – Керей мен Жәнібектің Әбілқайыр ханнан бөлініп, Моғолстанның батысындағы Шу өңіріне келуі және Керейдің хан болып сайлануы жатады. Хронологиялық тұрғыдан алғанда бірінші кезең – 1457 жылдың күзінің соңыне қысының басы мен 1458 жылдың көктемі аралығын қамтиды.
Тарихи әдебиеттерде Сығанақ қаласының түбіндегі Көке Кесене деген жерде Әбілқайыр хан мен қалмақ билеушісі Үз Темір тайшы арасындағы ұрыстың 1457 жылы өткендігі толық анықталған 2, 17 б.; 3, 65-66 бб.; 1, 230 б. Шайқастың салдары Әбілқайыр хан үшін ауыр болғаны белгілі. Қалмақтардан жеңілу, шибанилық әулеттің белсенді өкілдері, әрі «көшпелі өзбектердің» әскер басылары - Бахтияр сұлтан мен Ахмед сұлтанның ұрыста қаза табуы, ханның Сығанақ қаласына тығылуы, қалмақтардың жергілікті өңірдегі тұрғындары емін-еркін тонаушылққа ұшыратуы - Әбілқайыр ханның жеке басының беделін күрт төмендетеді. Шибанилық деректердің көпшілігі Әбілқайыр ханның үш жасар немересі Махмуд сұлтанның қалмақтарға аманат ретінде берілгендігі жөнінде ештеңе айтпаса, тек «Тарих-и гузида –йи нусрат намеде» ғана хан немересін қалмақтарға тұтқынға түсті деп баяндайды 2, 17 б..
Б.А. Ахмедов бұл жағдайды, яғни хан немересінің аманатқа берілуін Әбілқайыр ханның қалмақ тайпасының жоғарғы билігін мойындауымен түсіндіреді 3, 67 б.. Біздің ойымызша Б.А. Ахмедовтың бұл пікірі асыра айтылған пікір. Егер шынымен де жағдай Б.А. Ахмедов айтқандай болса, онда ол туралы деректер шайбанилық шығармаларда айтылмаса да, жағдайдың барлығын жіті бақылап отырған темірлік деректерде, әсіресе Абдарразак Самаркандиде айтылған болар еді. Ол туралы шағатайлық шығармаларда да ешқандай мәлімет жоқ. Соған қарағанда Әбілқайыр хан Үз Темір тайшының саяси билігін емес, оған белгілі бір көлемде салықтар мен төлемдерді жыл сайын төлеп тұруға міндетттенген секілді. Ал соның кепілдігіне үш жасар немересі берілген. Жеті жылдан кейін Махмуд сұлтан өз еліне үлкен құрметпен қайтарылады 2, 17 б.. Жалпы алғанда, 1457 жылғы шайқас - Әбілқайыр хандығындағы барлық қайшылықтардың бетін ашады, «көшпелі өзбектер» мемлекетінің саяси тарихында бір кезеңнің аяқталып, келесі кезеңнің яғни, күйреу кезеңінің басталғандығын көрсетеді. Керей мен Жәнібек сұлтандар бастаған ордаежендік тайпалардың бір бөлігінің бөлініп кетуі – соған дәлел бола алады.
Хандықтың құрылу барысындағы алғашқы және өте маңызды оқиға – бөлініп кету болғандықтан бірден соған ауысайық.
Үз Темір тайшы бастаған қалмақтар жорығы 1457 жылдың жаз айларында болғандықтан, Әбілқайр хан секілді Керей, Жәнібек және ордаежендік басқа да сұлтандар өздерінің қол астындағы ру-тайпаларымен бірге сол тұста күндерін жайлауда өткізіп жатқан. Дерек мәліметтерінде баяндалғандай, Әбілқайр хан қалмақтар жорығы туралы хабардың растығына көз жеткізгеннен кейін, жарлық шығарып, Бахтияр сұлтан мен Ахмед сұлтандарды әскердің басшысы етіп бекітеді. Кухистани Көк Кесене түбіне аттанған шайбанилық сұлтандар мен шибанилық ру-тайпа басшыларының тізімін көрсетеді, бірақ онда ордаежендік әулет өкілдері мен ордаежендік әулетті қолдайтын тайпа атаулары кездеспейді 4, 168 б..
Шайқастың нәтижесінен хабардар болған ордаежендік әулеттің басшылары Әбілқайыр тарапынан болатын қарсы әрекеттерді алдын-ала сезген. Мұхаммед Хайдар Дулатыи бір дерегінде «Жошы әулетінің кейбір сұлтандары одан келер бір пәлені сезіп, оны болдырмауға тырысты», - десе, келесі бір дерегінде «Жошы ұрпағының сұлтандары жорық жасап, Жәнібек хан мен Керей хан одан қашты»,- деп жазады. 5, 348 б.; 6, 305 б.; 110 б.. Көріп отырғанымыздай, Әбілқайыр хан өзін қолдамағандарға қарсы жазалау шараларын жүргізген. Керей мен Жәнібек Әбілқайыр ханға қарсы топтың жетекшілері болғандықтан ханның негізгі соққы бағыттары өздері мен ұлыстарына бағытталғанын көре біліп, оны болдырмаудың жолы деп Моғолстанға кетуді ұйғарған.
Егерде Керей мен Жәнібек аздаған адамдармен кетсе, онда олар жылдың қай мезгілі болғанына қарамастан көшкен болар еді. Олардың соңында ордаежендік ру-тайпалардың бір бөлігі болуы себепті олар жылдың қай мезгілінде болса да ауа көшіп кете алмайтын еді. Көшпелі мал шаруашылығы ол тайпалардың негізгі шаруашылық түрі болғандықтан, олар тек жайлаудан қайтар кезде ғана көтеріле көшіп, бұрынғы дәстүрлі қысқы тұрақтарына емес, Моғолстанға бет алған. 1996 жылы Қазақстанға белгілі археолог М. Елеуұлының Шу, Талас өңірлеріндегі ел аузынан жинаған тарихи аңыз-әңгімелерінің бір тобы ҚазМУ Хабаршысының тарих сериясында жарық көрді 7, 6-12 бб.. Сол тарихи аңыз-әңгімелер арасында Қазақ хандығының құрылу тарихына қатысты екі дерек кездеседі. Бірінші аңыз «Сырдың бойынан тышқан жылы қара күзде бір түмен елімен ауа көшкен ағайынды Керей мен Жәнібек сұлтандар қыс түсе Мойынқұмға кетіпті», - деп басталса, келесі бір аңызда «Қара күзде Сырдан қопарыла көшкен қалың елді Керей мен жәнібек сұлтандар Мойынқұмға бастап кетіпті», - делінеді 7, 7-8 бб.. М. Елеуұлы бұл аңыздардың бірін 1924 жылы туылған Шәуенов Жүзімқұл деген ақсақалдан 1976 жылы тамыз айында жазып алғанын, ал келесі аңызды 1899 жылы туылған Назарқұлов Жүнжұма деген ақсақалдан алғанын айтады 7, 7-8 бб.. Бұл жерде екі аңыздың мазмұнында «Тарих-и Рашидидегі» Керей мен Жәнібектің Әбілқайыр ханнан бөлініп кетуі жөніндегі дерекке ұқсастығы бар. Ұқсамайытын жеріне көшіп кетудің «тышқан жылы және қара күзде, қыс түсе» деген уақытты көрсетуі жатады. 1457 жылдың қай жылға жататынын білу үшін деректерге назар аударып көрелік. Кухистани да, Махмуд бен Уәли де Әбілқайыр ханның қайтыс болған жылын «874 (1469-70) жылы тышқан жылы» деп жазады. 4, 171 б.; 8, 361 б.. 1469-70 жылға дейінгі тышқан жылына 1457-58 жылдың жататынына ешкім күмән туғызбас болса керек. Олай болса, аңыздағы тышқан жылы жазба деректегі тарихи оқиғалардың уақытымен сәйкес келеді.
Ал «қара күз», «қыс түсе» деген сөз тіркесі қараша-желтоқсан айларын білдіретінін ескере отыра, бұл мезгілдің күзеу, күзеуден қыстауға ауысатын мезгіл екенін білеміз. Олай болса, аңыздағы мезгілді көрсететін мәліметті дұрыс деуге болады.
Осылайша, жоғарыда айтылған ойларымызды түйіндей келе, Керей мен Жәнібек бастаған ру-тайпалар Сығанақ түбіндегі шайқастан кейін Әбілқайыр ханның қаһарынан қорқып, сол жылдың күз айының соңында дәстүрлі қыстауларына бармай, Шу өзенінінң бойына келеді. Мұхаммед Хайдар Дулати «Есенбұға хан оларды құрметпен қарсы алып, қоныстануға Моғолстанның батыс жағындағы Шу өзені алқабындағы Қозыбасыны берді», - деп айтады 6, 110 б.. Ал Махмуд бен Уәли бұл өңірді берудің себебін былайша түсіндіреді: «Сол кездерде Моғолстанда Шағатай хан ұрпақтарынан Уәйіс ханның ұлы Есенбұға хан билік жүргізіп тұрды. Сол тұста Әмір Темір курэканның ұлы Мираншахтың, оның ұлы Сұлтан-Мұхаммед мырзаның ұлы Әбу Сайд мырза Ирактан Жүніс ханды шақыртып, оған көмек пен жәрдем береді де, інісіне қарсы жібереді. Сол себепті Есенбұға хан билігінің негізіне сызат түсіп, соған байаланысты бұл хан Жәнібек хан мен Керей хандардың келуін адамдар үшін қайырымдылық пен ізгіліктің көзі деп санады. Ханзадалардың келуіне құрмет көрсетіліп, келісім берілгеннен кейін, хан оларға Моғолстанның батыс өңірін берді. Ол өңір Есебұға ханның иелігі мен Жүніс ханның иктасы арасында болды. Бұл өңір Шу және Қозыбасы деген атаумен белгілі болатын» 8, 352 б.. Қозыбасы – Тарғаптың қарсы бетіндегі Қордайда орналасқан тау жайлауы 9, 265 б.. Енді осы географиялық атауларды карта бойынша анықтасақ, онда Керей мен Жәнібектің Есенбұға ханнан алған аймағының шекарасы – Балқаш көлінің оңтүстік-батыс жағалауы мен Шудың төменгі ағысы бойындағы алқаптар арқылы, батысы – Талас өзенінен, шығыста Іле өзеніне дейінгі, ал оңтүстікте – Іле Алатауының солтүстік тау жоталары мен қыраттары арқылы өткен. Бұл аймақ – Есенбұға хан үшін біріншіден, оның Моғолстанның Жетісу жағындағы иеліктерін Андижан маңындағы Жетікент деген жерді иелікке алған Жүніс хан тарапынан болатын жорықтардан қорғап тұрса, екіншіден, дәл сондай міндетті Әбілқайыр хан тарапынан болар жорықтарға байланысты атқарып тұрды. Жүніс ханның Моғолстан аймағына жақын келуіне байланысты билігінің іргесі сөгіле бастаған Есенбұға хан жоғарыда айтылған аймақты Керей мен Жәнібеке беру арқылы өзіне сенімді одақтас табады да, өмірінің соңына дейін тақ билігіне ағасын жолатпайды. Махмуд бен Уәлидің мынадай мәлімет осыны дәледейді: «Есенбұға ханның тірі кезінде оған жоғарыда айтылған хандардың (Керей мен Жәнібекті айтып отыр – Б.К.) көмегі мен тірегі арқасында Жүніс хан тәкәпарлықпен аяғын үзеңгіге сала алмады» 8, 353 б.. Басқаша айтқанда бұл дерек мәліметі Жүніс ханның Моғолстанда Есенбұға ханның тірі кезінде хан бола алмағанын көрестеді. Мұхаммед Хайдар Дулати өз еңбегінің бір жерінде былай дейды: «Сұлтан Жүніс хан екінші рет Мырза Сұлтан Әбу Сайдта Моғолстанға келгенде, мұндағы әмірлердің барлығы тағы да хан маңына жиналды. Хан Моғолстанда біраз тұрды. Жетікентте тұрақтап қалды. Бірақ Есенбұға ханға тиеселі иеліктерге кіруге батылы бармайды» 6, 113 б.. Осылайша, 1457 жылдың соңында Керей мен Жәнібектің Моғолстанның батыс жағындағы Шу өңіріне келіп қоныс тебуі арқасында, Есенбұға хан ағасы Жүніс ханға қарсы өзіне сенімді одақтас табады да, 1461/62 жылы қайтыс болғанға дейін оның иелігіне ешқандай қауіп бола қоймайды.
Енді Керей мен Жәнібекке қайта оралайық.
Біз бұған дейінгі тараушаларымызда Керей мен Жәнібектің Шу бойына келуі – 1457 жылдың күзінің соңында, ал келгендер саны шамамен 100 мыңдай адам болған деп айтқанбыз. М. Елеуұлының жариялаған аңыздарының бірінде келуді «қара күзде» болған десе, ал екіншісінде «қыс түсе» деп көрсетеді. Деректердегі мәліметтердің баяндалуын хронологиялық тұрғыдан қарастырсақ, мынадай жәйттерді аңғарамыз. Керей мен Жәнібек бастаған ру-тайпалардың Шу өңіріне қоныстануы, Керейдің хан болғандығы, Есенбұға ханның иелігіне Жүніс ханның аяғын аттап баса алмағандғы, Есенбұға хан қайтыс болғаннан кейін қазақ билеушілері мен Жүніс хан арасында жақсы қатынастардың қалыптасуындағы жөнінде айтылады 8, 352-353 бб.. Соған қарағанда Керейдің хан болып сайлануы Шу бойынан көшіп келгеннен кейін және Есенбұға хан қайтыс болғанға дейін жүзеге асқан. Жазба деректер ол жөнінде нақты айтпаса, М. Елеуұлының аңызында оған қатысты былай делінеді: «Сырдың бойынан тышқан жылы қара күзде бір түмен елмен ауа көшкен ағайынды Керей мен Жәнібек сұлтандар қыс түсе Мойынқұмға (Ұланбаелден Хан тауына дейінгі аралық сөз болып отыр – М.Е.) жетіпті. Құмды қыстап шыққан қалың ел көктемде Тұлпарсазда Керейді ақ киізге көтеріп, хан сайлап өздерін «қазақ» деп атапты» 7, 7 б.. Аңыздың мәліметіне сүйенсек, Керейдің хан болып сайлануы -1458 жылдың көктем айларының бірінде, мүмкін наурыз айында жүзеге асқан. Хан сайлау процесі аса маңызды болғандықтан, әсіресе жаңа әулеттің алғашқы ханын сайлау сол елдің өміріндегі ерекше маңызды оқиға болып саналатындықтан, оған билеуші әулет өкілдері ерекше мән беретіндігі өз-өзінен түсінікті. Хан сайлау жинына билеуші әулет өкілдерінен басқа дін басылары, ру-тайпа көсемдері, мен батырлары және басқа әлеуметтік топ өкілдері қатысады. Қазақ қоғамында хан сайлау дәстүрі ХІХ ғасырдың соңына дейін сақталып, ол жөнінде орыс авторларының еңбектерінде баяндалады. А.И. Левшинның жазуы бойынша хан сайлау үшін алдын-ала оның уақыты мен өткізілетін жері белгіленеді, әртүрлі «жеке кеңесулер» өткізіліп, хан сайлауға әрбір топтың өкілдері анықталады, негізгі үміткер анықталғаннан кейін жалпы жиында ол ақ киізге отырғызылып, сұлтандар мен ру-тайпа көсемдерінің қолдауына ие болып, үш рет киізбен жоғары көтеріледі. 10, 126-127 бб.. Бұл дәстүрді Керейді хан көтргенде қолданды деуге болады.
Ал енді Керейді хан көтерген мезгілге келетін болсақ, біздің ойымыз жоғарыда айтып өткен аңыздағы уақытқа сай келеді. Керей мен Жәнібек бастаған ордаежендік ру-тайпалар үшін 1457 жылдың соңында ең басты мәселе қыстау, қыста жайлатын орындарын таңдау, оларды белгілеу, елді қоныстандыру және т.б. шаруашылық мәселелер болған. Ал көктем шыға алдын-ала дайындық жұмыстары жүргізіліп, жас жағынан Жәнібекке қарағанда үлкендеу Керей хандық билікке отырғызылады. Керейдің хан болып сайлануымен Қазақ хандығының құрылу барысындағы бірінші кезеңді аяқталды деуге болады.
Осылайша, тарих мінбелеріне көтерілген Қазақ хандығын сол кездер үшін толыққанды, дербес хандық деуге толық болмайды. Өйткені, дербес хандық деу үшін оның нақты территориясы мен халқы, билеуші әулеті мен ханы, басқару әкімшілігі мен құрылымы, өзіндік жүргізетін дербес саясаты және мемлекетке қажетті тағы басқа шарттары қажет болатын. Керейдің хан сайлануымен мемлекет үшін ең басты шарттардың бірі орындалады, яғни жаңа хандық – Қазақ хандығы дүниеге келеді. Ортағасырларда хан - тек жоғарғы билікті иеленген адам ғана емес, сонымен бірге мемлекетттің символы болып есептелген. Жазба деректерден хан болмаған жағдайда елдің тарап, халықтың басқа хандарға көшіп кететін мысалдарын кездестіруге болады.
Осылайша, Керейдің 1458 жылдың көктем айларының бірінде хан болып сайлануымен Қазақ хандығының құрылуы барысындағы алғашқы кезең аяқталды. Осы кезең ішіндегі оқиғалардың тарихи маңызын атап өтер болсақ, біріншіден, Керей мен Жәнібек сұлтандардың Әбілқайыр ханнан бөлініп кетуі – олардың Қазақ хандығын құрудағы алғашқы қадамы болды және Әбілқайыр хандығының тарихындағы күйреу кезеңінің тереңдегенін көрсеіп берді. Екіншіден, Шу өңіріне келіп қоныс тепкен ордаежендік тайпалар жаңа этникалық атауға – «өзбек-қазақ» атауына ие болды. Бұл дегеніміз этникалық процестің жаңа, ұлттық сипатқа ие болғандығын көрсетеді. Үшіншіден, хандық билікті қалпына келтіріп, Керейдің хан сайлануы – ұлттық сипаттағы мемлекеттік құрылымды дүниеге алып келгендігін көрсетіп береді.
Сөйтіп, таза ұлттық негізде құрылған Қазақ хандығы толыққанды мемлекет мәртебесіне ие болуы үшін әлі де болса өзінің қалыптасуы барысында бірнеше сатыны бастан өткеруі қажет болды.
Шарты түрде екінші сатыға – 1458 жылдың көктем айларынан – 1461/62 жылға дейінгі, яғни Есенбұға хан қайтыс болғанға дейінгі аралық жатады.
Осы аралықта Қазақ хандығының қалыптасуы барысындағы маңызды оқиғаларға мыналарды жатқызамыз. Біріншіден, Моғолстанның батыс жағында мемлекет құрып алған ордаежендік тайпаларға Әбілқайыр ханға наразы немесе оған қарсы шыққандар бірте-бірте Керей мен Жәнібек хандарға келіп, қосыла бастайды.